Тұран ауданы әкімі Ақжар шағын ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жиынға арнайы қатысқан қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов жаңа Конституция жобасын түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.


36 300 гектар аумақта орналасқан Тұран ауданында 21 шағын аудан бар. Мұнда 232 мыңнан астам шымкенттік тұрады. Әкімдіктің есебінше, тұрғындар ауыз су және электрмен 100 пайыз қамтылған, ал газбен қамту көрсеткіші 85 пайызды құрайды. Ақтас шағын ауданының тұрғыны Ғалия Айымбетованың айтуынша, ауыл-аймақ жылдан-жылға дамып келеді. Алайда қала мен ауыл орталығын байланыстыратын автобус мәселесі әлі де өзекті. №147 автобус әр 40 минут сайын жүрсе де, кейде бір жарым сағат күтуге мәжбүр болады.


 ҒАЛИЯ АЙЫМБЕТОВА, АҚТАС ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
147 автобусты жаңғырту керек. Қайта-қайта бұзылады. Біздің ауданнан 200–300 бала қалаға қатынайды, студенттеріміз бар. 40 минут күтеміз.


Тұрғынның сауалы жауапсыз қалмады. Мамандар мәселені шешетінін жеткізді.


 Аудан әкімінің міндетін атқарушы тұрғындар жолдаған сауалдарға жекелей тоқталып, тұщымды жауап берді. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін баяндап, биылғы жоспарлармен таныстырды.


 АСЫЛЖАН ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
2026 жылы 26 көшеге 16,9 шақырым аяқ жол салу жоспарлануда, 18 көшеге 10 шақырым ирригациялық жүйе жүргізіледі.


Кездесуде қалалық мәслихат атқарған жұмыстарға да тоқталды. Конституциялық комиссия мүшесі Бахадыр Нарымбетов тұрғындарға жаңа Ата заң жобасын жан-жақты түсіндіріп, өзгерістер жайын баяндады.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ
Қазіргі жүйе бойынша кез-келген заң кемінде екі айда қабылданады: алдымен мәжілісте қаралады, содан кейін сенатқа жіберіледі. Ал бір палаталы парламент болған жағдайда заңдар әрі сапалы, әрі жылдам қабылданады.


Ашық микрофон арқылы тұрғындар көп сауал жолдады. Бірі жаңа Конституцияға қатысты болса, енді бірі ауыл-аймақ мәселелерін көтерді. Аудан активі мен басқарма қызметкерлері әр талап-тілекке тиісті жауап берді.