Мегаполисте құбыр дауы. Ынтымақ-2 шағынауданында орналасқан сарқынды су жинақтағышының маңы бүгінде экологиялық даудың ошағына айналды. Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілхайыр Оңғардың айтуынша, «Су ресурстары–Маркетинг» мекемесі рұқсатсыз «Жасыл белдеу» кәсіпорнына қарасты орман қоры жерінен құбыр тартқан. Мәселенің мән-жайын тілші баяндайды.
Бұл мәселені қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Қайрат Битасов көтеріп, құзырлы органдарға арызданған. Ынтымақ елді мекенінің тұрғындары да жағымсыз иістің ауаны ластап жатқанын айтып, бірнеше рет шағым түсірген. Басқарма басшысы: «Сарқынды суларды жинайтын бұл су жинақтағыш «Су ресурстары–Маркетинг» мекемесіне тиесілі болғанымен, оның жоғарғы бөлігі біздің басқармаға қарасты орман қорының жерінде орналасқан», – дейді.
ӘБІЛХАЙЫР ОҢҒАР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 тұрғындарынан бірнеше арыз түсті. Осы мәселе бойынша арнайы келіп отырмыз. Қазір мекеменің кәріз жүйесіне жауапты мамандары да осында. Құбыр құрылысына қатысты түсініктеме беретін болады.
Өз кезегінде Шымкент қаласының сарқынды суларды тазалау қондырғылары кешенінің басшысы Мейіржан Есенбеков жағдайды техникалық тұрғыдан түсіндірді. Ол екі заңбұзушылықтың барын мойындағанымен, су жинақтағыштың маңызына тоқталды.
МЕЙІРЖАН ЕСЕНБЕКОВ, САРҚЫНДЫ СУЛАРДЫ ТАЗАЛАУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ КЕШЕНІНІҢ БАСШЫСЫ
Болжам бойынша алдағы уақытта су тапшылығы болуы мүмкін. Түркістан облысында миллиардтаған теңгеге су қоймалары салынып жатыр. Ал біз, керісінше, мәселені біржақты қарап, су қоймасының көлемін қысқартып отырмыз. Біз қосымша жер сұрап отырған жоқпыз, тек мекемеге тиесілі аумақты қалдыруды ұсынамыз.
Мамандардың айтуынша, су жинақтағышқа тұрғын үйлерден келетін ағынды сулармен қатар өндірістік мекемелерден шыққан лас сулар да түседі. Ол екі кезеңнен өтіп тазартылып, кейін су қоймасына жиналады. Жаз мезгілінде ауыл шаруашылығына жарамды суды ысырап етпеу қажет, – дейді сала өкілдері. Көл маңындағы шаруалар да науқан кезінде судың пайдасы зор екенін алға тартады.
СМАЙЛ СЕРІКБАЕВ, ШАРУА
Құбырды алып тастауды талап етіп жатыр. Егер заң бұзушылық болса, айыппұлын төлесін. Ал басқа шаруашылықтар не істейді? Бұл халықтың жағдайын да ескеру керек қой.
Қазіргі таңда прокуратура мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Заңсыз құрылыс пен экологиялық залалдың нақты көлемі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Алдағы уақытта анықталған заңбұзушылықтар жойылып, жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі