Шымкент университетінде «Конституцияның жаңашылдығы және оның теңгерімді тұжырымдамалық мазмұны» тақырыбында кездесу өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, студенттерге Ата заңның заман талабына сай жаңаша жазылғанын жеткізді.


Шымкенттік жастар ел болашағынан үлкен үміт күтетіндерін айтты. Олардың сөзінше, осы уақытқа дейін қолданыста болған Конституция 30 жыл ішінде Қазақстанның дамуына және халықаралық беделінің артуына ықпал етті. Ал жаңа Конституция жобасы алдағы жүз жылдықта елдің дамуына берік негіз қалайды деген сенім білдірілді.


 ЖАНЕЛЬ ӘБІЛДАХАН, СТУДЕНТ
Мені қуантқан жайттардың бірі – адамның жеке құқығына ерекше мән берілуі. Қоғамда кей жағдайда адамдарға жалған айып тағылуы мүмкін. Ал жаңа Конституцияда мұндай жағдайларға тікелей тыйым салынады. Адам сот шешімінсіз кінәлі деп танылмайды.


 АЯНАТ НҰРПАПАҚЫЗЫ, СТУДЕНТ
Конституцияда азаматтарға арналған бірнеше бөлім бар. Онда ар-ождан еркіндігі, сөз бостандығы, саяси және қоғамдық өмірге қатысу құқығы нақты бекітілген. Жалпы, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы заң мен тәртіпті сақтай отырып, әр азаматтың құқығын қорғауға бағытталған деп есептеймін.


Кездесуге прокуратура және құқық саласының өкілдері қатысып, жастарға жеке бостандық пен адам құқықтарының маңызын түсіндірді.


НАРИМАН БАЗАРБАЕВ, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ
 Әрбір азамат тек соттың шешімімен ғана кінәлі деп танылады. Егер сот үкімі заңды күшіне енбесе, адам кінәсіз болып есептеледі. Сондай-ақ, елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Конституцияға сәйкес, әр азаматтың өз ұлтын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқығы бар.


 Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа заң жобасына 50 пайыздан астам өзгеріс енгізілсе, ол жаңа заң ретінде қабылданатынын атап өтті. Сондықтан бұл жағдайда өзгерістер туралы емес, жаңа Конституция туралы айту орынды екенін жеткізді.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Нормативтік құықтық актілер туралы ҚР заңына сәйкес заңға 50 пайыздан аса өзгертулер енгізілетін болса онда жаңа заң қабылданады. Бұл жердегі норма Конституцияға қатысты. Сондықтан біз конституцияға өзгерістер енгізу туралы емес, Жаңа Конституция туралы айтқанымыз туралы жөн болады дегеніміз дұрыс болар. Біз неге Конституцияға өзгеріс енгіземіз. Неге толықтырулар болады. Мұны жасап жатқан тек Қазақстан ба? Басқа елдерде қандай тәжірбие бар дейтін болсақ сарапшылар Конституциясы өзгермеген, өзгеріп жатпаған, толықтырулар өзгерістер енгізілмеген бірден бір ел қалмағандығын айтады.


Оқу орнының ұжымы жаңа Конституция жобасында көтерілген бастамалар, қазіргі және болашақ ұрпақтың тұрақты дамуына негіз болатынына сенім білдірді.