Шымкент қаласында азаматтық қорғаныс айлығы аясында ауқымды іс-шаралар өтеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала көлемінде оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
Азаматтық қорғаныс айлығы Төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Қала әкімдігімен бірлесіп әзірленген іс-шаралар жоспары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Айлық барысында білім беру мекемелерінде, медициналық ұйымдарда және шалғай елді мекендерде арнайы оқу-жаттығулар өткізу көзделген.
НҰРЖАН ҚАРАКӨЗОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Ағымдағы жылы азаматтық қорғаныс айлығы Төтенше жағдайлар министрлігінен келіп түскен жоспарға сәйкес өткізіледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімінің жоспары дайындалып, бекітілді. Осы жоба аясында 1 наурыз — Шымкент қаласында Азаматтық қорғаныс күні ретінде атап өтіледі.
Азаматтық қорғаныс күніне орай қала тұрғындарына арнайы ескерту дабылдары қосылады. Бұл - төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмін үйретуге арналған тәжірибелік шара.
НҰРЖАН ҚАРАКӨЗОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
1 наурыз күні сағат 10:00-де қала аумағында электр сиреналары іске қосылады. Сирена дыбысы естілген сәтте қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіз орындарға шығуды сұраймыз. Бұл — оқу-жаттығу, үрейленудің қажеті жоқ.
Айта кетейік, бұл шара бір күнмен шектелмейді. Наурыз айы бойы түрлі бағыттағы төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға арналған кешенді жұмыстар жүргізіледі.