2026 жылы ауыл шаруашылығы саласында басты назар жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға және қайта өңдеу өндірісін күшейтуге бағытталып . Жоспарланған жобалар қатарында сүт-тауарлы фермалар, көкөніс сақтау қоймалары және заманауи жылыжай кешендерін іске қосу бар. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, қала халқын сапалы азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар фермерлер мен шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайтылып, минералды тыңайтқыштар құнын арзандату, тұқым шаруашылығын дамыту, жылыжай шығындарын азайту және мал шаруашылығын қолдау шаралары жалғасады. Бұл өндіріс көлемін арттырып, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Бүгінде қалада 4 ірі құс фабрикасы жұмыс істеуде. Олар ішкі нарықтың 54 пайызын жұмыртқамен қамтып отыр. Ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның бірі "АйМар Құс" ЖШС жылына 72 миллион дана жұмыртқа шығаруда. Бұл Шымкенттегі жалпы жұмыртқа өніміне деген қажеттіліктің 42 пайызын құрайды. Халықаралық биоқауіпсіздік стандарттары бойынша салынған құс фабрикасында балапан өсіруге 2 цех, тауыққа арналған 4 және жұмыртқа сұрыптайтын цех жұмыс істеп тұр. Құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Кәсіпорын ең озық, заманауи технологиямен жабдықталған. Алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, тауық санын 660 мыңға жеткізу, сәйкесінше өнім санын да арттыру жоспарда бар.
Қала аумағында егістік жер көлемі біртіндеп қысқарғанымен, оның орнына қайта өңдеу кәсіпорындары мен индустриялық аймақтарды дамытуға басымдық беріледі. Яғни, ауыл шаруашылығы шикізатын дайын өнімге айналдыратын өндірістер көбейіп, қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2026 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салық мөлшерінің төмендеуі де шаруалар үшін қолайлы жағдай туғызады. Бұл фермерлердің шығынын азайтып, өндірісті кеңейтуге ынталандырады. Жалпы, биылғы жылы саланың негізгі міндеті – инвестиция тарту, қайта өңдеу өндірісін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қала халқын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету болып қала бермек.