Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 30 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін қуанышымен құттықтады.


Ақнұр Балғабекова -Шымкент қаласының тұрғыны. Он жылдан бері жалдамалы пәтерде күнелтіп келген. Биыл көптен күткен баспанасына қол жеткізіп, жаңа үйге қоныс тепті.


 АҚНҰР БАЛҒАБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Он жыл бойы үй кезегінде тұрып, бүгін әкімнің қолынан көптен күткен үйдің кілтін алып жатырмын. Әкімнің атқарып жатқан жұмыстарына ризамын. Бұл жалдамалы пәтерде күнелтіп жүрген жандарға өте үлкен көмек деп ойлаймын.


Жаңа пәтерлер әлеуметтік осал топтағы жандарға берілді. Көпқабатты тұрғын үйлер Асар-2 шағынауданында орналасқан.


 ЖҰЛДЫЗАЙ ОРДАБЕКОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ӨКІЛІ
Шымкентте тұрғын үй кезегінде 92 мың азамат тұр. Бүгінгі таңда әлеуметтік осал топтағы 30 азаматты қоныстандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Отбасы банкке 984 жалдамалы пәтер өткен, 544 пәтер бірінші легке берілген. Қазір 330 азаматпен жалдау шарты түзілді.


 Шаһарда тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы бұл санаттағы 1 500-ге жуық азамат жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Қатарында жалдамалы пәтерді сатып алу құқығымен алғандар мен ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үйге қол жеткізгендер де бар.