2025 жыл қаладағы ауыл шаруашылығы үшін өндіріс көлемі ұлғайып, қайта өңдеу саласы қарқын алған, жаңа кәсіпорындар іске қосылып, инвестициялық жобалар нақты нәтижесін көрсете бастаған кезең болды. Бір жыл ішінде бірнеше жаңа өндіріс орындары жұмысын бастап, бірқатар кәсіпорындар өз қуатын кеңейтті. Әсіресе сүт өнімдерін қайта өңдеу, көкөніс пен жеміс-жидек сақтау және жылыжай шаруашылығын дамыту бағытындағы жобаларға басымдық берілді.
Жаңа өндірістердің іске қосылуы мен қолданыстағы кәсіпорындардың кеңеюі нәтижесінде ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай өсті. Бұл өңірде азық-түлікті қайта өңдеу саласының нығайып, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамту мүмкіндігінің арта түскенін көрсетті. Сонымен қатар ұн, макарон, өсімдік майы сынды қайта өңделген өнімдердің экспорт көлемі де ұлғайып, өңір кәсіпорындарының сыртқы нарыққа шығу әлеуеті күшейді.
Өнім көлемінің артуына жұмыртқа, сүт және ет өндірісінің өсімімен қатар, өсімдік шаруашылығындағы өнімділіктің жақсаруы да оң әсерін тигізді. Қала маңындағы шаруашылықтар көкөніс пен егістік өнімдерін көбірек өндіре бастады. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға да ықпал етті. Мемлекет кәсіптің көзін тауып, іс қылғысы келгендерге қолдауды кенже қалдырған емес. Соңғы жылдары қайтарымсыз грант, субсидия алған жергілікті кәсіпкерлердің өнімі өзге өңірлерге де жіберіліп, ішкі өнімді қамтамасыз етуге қолғабыс болып отыр. Олардың қатарында шағын кәсібін ашып, бүгінде Izmir Trade ЖШС-ін құрған Измир Нұрмахамбетұлының басқаруындағы сүт өнімдерін өндіретін зауыт та бар. Мұнда тәулігіне 4 – 5 тоннаға дейін ірмшік шығарылады.
Фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету жалғасын тауып, субсидиялар мен жеңілдетілген жанармай беру шаралары жүзеге асырылды. Бұл шаруаларға егіс пен мал шаруашылығы жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі тұрақты сақталып, өнім сапасы да жақсарды. Жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қала аумағында орналасқан өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлар жыл бойы көкөніс өндіруге мүмкіндік беріп, нарықты тұрақты өніммен қамтып отыр. Ірі жылыжай кешендері алғашқы өнімдерін шығара бастады, ал алдағы кезеңде өндірістік қуатын толық арттыру жоспарланған.
Сонымен бірге ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, жануарлар арасында аурулардың алдын алу, вакцинация және залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізілді. Бұл мал шаруашылығындағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Ал, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік сауда нүктелері көбейтіліп, жәрмеңкелер тұрақты ұйымдастырылды. Делдалдықты азайту және баға үстемесін бақылау бағытында да нақты шаралар қолға алынды.Жалпы алғанда, 2025 жыл ауыл шаруашылығы саласында өндірісті ұлғайтып, қайта өңдеу көлемін арттырған, жаңа жобалар арқылы жұмыс орындары көбейген және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтқан табысты жыл болды.