Сауран ауданы 2030 жылға дейін үш бағытта дамиды. Әсіресе ауыл шаруашылығы, егін, мал, құс және балық шаруашылығына басымдық беріледі. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңатаров 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кезінде айтты. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жақсарту және заманауи ойын алаңдарын салу сияқты маңызды жобалар қолға алынбақ
Сауран ауданында 12 ауылдық округке қарасты 33 елді мекен бар. 102 мың халқы бар жаңадан құрылған ауданда экономикалық өсім байқалады. Мәселен, аудан әкімі Мақсат Таңатаров 2025 жылды табысты аяқтағанын айтып, өнім көлемі 147,3 млрд теңгеге жеткенін жеткізді.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауданда өндірістік алаңдар құрылады. Бүгінде 136 өндірістік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Онда 83 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Ал Шаға ауылдық округінде 40 кәсіпкерлік нысан салынып, оның 16-сы іске қосылды.
Жалпы Сауран ауданының жер көлемі 646 мың гектарды құрайды. Оның 112 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылса, 56 мың гектары суармалы жер, 257 мың гектары жайылым. 2025 жылы 45 874 гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 491 мың тонна өнім жиналды. Ал өсімдік шаруашылығынан 81,7 млрд теңге табыс түскен.