Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті Отырар ауданы әкімдігінде жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде 1983,2 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері ауданның әкімшілік шекарасынан тыс жерде беріліп, жер заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталған.


Заңбұзушылықтарды жою мақсатында департамент тарапынан тиісті нұсқама берілген. Әкімдік тиісті шаралар қабылдап, аталған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарды. Сонымен қатар, басқа ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіге 1000 гектар жер телімін беру кезінде де осындай заңбұзушылық анықталған. Осы дерек бойынша департамент Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолдады. Сот талапты толық көлемде қанағаттандырып, аталған жер телімін де мемлекет меншігіне қайтарды. Қабылданған шаралар жер ресурстарын басқаруда заңдылықты қамтамасыз етуге және мемлекеттің мүддесін қорғауға бағытталған, дейді жауаптылар.