Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдеуінше, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі ел аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, елімізде 711 әлеуетті бұлақ бар. Сонымен қатар қор және архив материалдары негізінде ел аумағындағы 2 772 бұлақты қамтитын карта жасалды.

Айта кетейік, бұлақтар су ресурстары тапшылығы жағдайында қосымша су көзі ретінде қарастырылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ауыз су және техникалық сумен жабдықтау, суару және өзге де мақсаттарға арналған жерасты суларының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік баланс бойынша тәулігіне 43,2 млн текше метр көлеміндегі пайдалану қоры тіркелген. Оның ішінде қазіргі таңда шамамен 1,5 млн текше метр немесе 3,6%-ы ғана пайдаланылып отыр. «Қазақстанда жерасты суларына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді. Оған шамамен 4 мыңға жуық бақылау ұңғымасы кіреді. Гидрогеология саласын цифрландыру мақсатында мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз.