Полиция немесе прокуратура басшысымын деп хабарласып, ақша сұраса – таңғалмаңыз. Алаяқтар жаңа айлаға көшті. Олар енді күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетуде.

Қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс ретінде таныстырады. Әртүрлі сылтаумен қарызға ақша сұрайды. Полицейлер мұндай хабарламаларға, тіпті ол сізге таныс адамның атынан келсе де, бірден сенбеуге шақырады. Алдымен міндетті түрде қоңырау шалып, оның расында сол адам екенін нақтылаған жөн. Сондай-ақ, ешкімге SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және өзге де жеке мәліметтерді бермеу керек. Күмәнді сілтемелерді ашпау, белгісіз қосымшаларды жүктемеу – басты қауіпсіздік шараларының бірі.