Қазақ шахматының тағы бір тарихи жеңісі! Испанияда өткен әлем біріншілігінде Түркістан облысының қос саңлағы қарсылас шақ келтірмеді. Блиц пен рапидтен бас жүлдені иеленген жерлестеріміз әлем чемпионы атанып, ел беделін асқақтатты. Жеңіс тұғырынан көрінген қос саңлақты ел-жұрты қалай қарсы алды?

Дүбірлі дода 1-13 маусым аралығында Испанияның Гуардамар қаласында өтті. Байрақты бәсекеде тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті зақымданған спортшылар бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Аружан Байділә блиц шахматынан әлем чемпионы атанса, Әсел Амангелді күміс жүлдеге ие болды. Ал рапид шахматында Әсел қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль жеңіп алды. Бұл сында Аружан қола жүлдені қанағат тұтты. Осылайша қос спортшы әлемдік аренада ел абыройын асқақтатты.


ҰЛБОСЫН МЕШІТБАЕВА, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Аружан қызымыздың бас жүлдемен оралғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта бұданда биік белестерді бағындыратынына сенеміз.


Жеңімпаздарды туған-туыстары мен спорт жанашырлары ерекше ықыласпен қарсы алды. Жас спортшылар бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, тәжірибе жинақтаған.


ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ, «ТЕМІРЛАН» СПОРТ КЛУБЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Алдында Арменеядан бас жүлде алып келген. Қазір Испанияны бағындырып келе жатыр. Биік белестерден көріне берсін қызымыз.


Әлем чемпионатындағы табыстың артында бапкер еңбегі жатыр. Чемпиондардың жаттықтырушысы Маратилла Жаманғариев шәкірттерін жылдар бойы шыңдап, үлкен додаға дайындаған. Нәтижесінде түркістандық спортшылар тағы бір мәрте әлемдік деңгейде өз шеберлігін дәлелдеді.


ӘБДІҚАДІР ОРАЗБАЕВ, САУРАН СПОРТ КЛУБЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Маратілла ағайымыз  біздің жаттықтырушымыз өте үлкен еңбек етті. Соның нәтижесі мына әлемдің жарыстағы жеңісіміз. Алдағы уақытта да сәттілік тілейміз.


Түркістан облыстық ерекше жандарға арналған «Сауран» спорт клубы 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда спорттың 19 түрі дамытылса, оның 8-і паралимпиадалық бағытқа жатады. Осы уақытқа дейін клуб спортшылары әлем чемпионаттарында 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ әлем кубогында 1 алтын және 1 қола жүлдені еншілеген. Бүгінгі жеңіс те сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.