Бір бүйрек – бір өмірге үміт. Шымкентте тағы бір трансплантациялық ота сәтті өтіп, туған інісі ағасына бүйрегін донор ретінде берді. Дәрігерлер күрделі операцияны сәтті аяқтап, науқастың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік жасады.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында туыстық донордан бүйрек трансплантациясы бойынша кезекті операция жасалды. 2011 жылдан бері созылмалы бүйрек ауруымен күресіп келген науқас соңғы уақытта гемодиализ қабылдап жүрген. Өмірлік маңызды шешім қабылдаған 41 жастағы азамат туған ағасына бүйрегін беруге келісім берген. Ота алдында донор мен реципиент толық медициналық тексеруден өтіп, барлық құжаттар заң талаптарына сай рәсімделді. Мамандардың айтуынша, операция сәтті өтіп, ешқандай техникалық қиындық туындамаған. Қазір донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты, оңалту және емдеу шаралары жоспарға сай жалғасуда. Бүгінде Шымкентте 251 бүйрек, 33 бауыр және 3 жүрек трансплантациясы жасалып, жоғары технологиялық медицинаның мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бір адамның батыл шешімі екінші адамның өмірін сақтап қалды. Мұндай оталар тек медицинаның жетістігін ғана емес, адам өмірінің қадірі мен туыстық жанашырлықтың қаншалықты маңызды екенін де көрсетеді.