Интернеттің әлсіздігіне шағымданған күндер артта қалды. Шымкенттегі Алтынтөбе тұрғын алабы енді жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізді. Цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған жоба тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қалай әсер етеді?
Мегаполисте тұрғындарды сапалы әрі тұрақты байланыспен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде қала аумағындағы 86 елдімекен мен шағынауданның 85-і кең жолақты интернет желісіне қосылған. Енді бұл тізімге Алтынтөбе тұрғын алабы да қосылды. Жоба аясында инфрақұрылымдық желілер тартылып, шамамен 400 тұрғын үйді жоғары жылдамдықтағы интернетке қосуға мүмкіндік жасалды. Бұл тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік электронды қызметтерді пайдалануға, қашықтан оқуға, жұмыс істеуге және цифрлық сауаттылықты дамытуға жол ашады. Мамандардың айтуынша, қалада интернет инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Цифрландыру дәуірінде сапалы интернет – жай ғана байланыс құралы емес, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын маңызды ресурс. Сондықтан Шымкентте тұрғындарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.