Спорт – тек жеңіс пен медаль ғана емес, ұлт денсаулығының көрсеткіші. Шымкентте бұл саланы дамытуға басымдық беріліп отыр. Биыл дене шынықтыру және спорт бағытына жергілікті бюджеттен 21,8 миллиард теңге бөлінді. Қаржының бір бөлігі бұқаралық спортты дамытуға бағытталып, жыл ішінде ондаған спорттық іс-шара өткізу жоспарланған.


 НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Шымкент спортшылары алдағы 2026 жылғы Жазғы Азия ойындарына дайындық жүргізуде. Қазір олар оқу-жаттығу жиындарына қатысып, лицензиялық және рейтингтік жарыстарда бақ сынап жүр.


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX Жазғы Азия ойындары өтті. Нәтижесінде ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медаль иеленді. Оның ішінде Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын, 10 күміс және 11 қола медаль жеңіп алды.


 НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында шымкенттік спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Алдағы Азия ойындары Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Құрлықтық додаға Шымкенттен 50-ден астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Олар спорттың 21 түрі бойынша ел құрамасының сапында өнер көрсетеді.


 ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 2026 жылы жергілікті бюджеттен дене шынықтыру және спорт саласына 21,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға 319 млн теңге қарастырылып, 54 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарлануда.


НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Биыл Тұран шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ Базар қақпа тұрғын алабында қосымша спорт нысаны салынбақ. Бұдан бөлек, Тұран-2 шағынауданында 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион мен паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенін салу жобалары қарастырылуда.