Шымкентте жылан мен шаян қаптады. Секем алған тұрғындар қауіпті жәндіктердің тұрғын үй аулаларынан, жертөлелерден, саябақтар мен тоғайлардан шыққанын айтып, дабыл қағып отыр. Статистикаға сүйенсек, соңғы екі ай ішінде құтқару қызметіне 130-дан астам шақырту түскен. Жедел әрекет нәтижесінде 90-ға жуық жылан ұсталып, қауіпсіз аймаққа шығарылды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың жиілеуіне табиғи ортаның өзгеруі мен ауа райының жылынуы себеп. Қауіп тек жыланмен шектелмейді. Жасырынып келіп, тұтқиылдан тап беретін шаяндардың да белсенділігі шегіне жеткен. Жыл басынан бері шаян шағып алған 80 тұрғын медициналық көмекке жүгінді. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Ол үшін үй маңындағы биік шөптерді отап, саңылауларды бекітіп, қауіпсіздік талаптарын ескерген жөн.