Шымкент қаласындағы Керім Тленшин көшесінде теміржол үстінен өтетін маңызды өткелдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, кептелісті азайтуға және Сайрам тұрғын алабы мен Түркістан бағытына шығатын көлік ағынын реттеуге мүмкіндік береді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының мамандары құрылыс нысанында сапа бақылау жұмыстарын жүргізді. Өткелде қолданылған бетон қоспасының үлгілері, тірек және қабырға материалдары зертханалық тексеруден өтті. Сараптама қорытындысына сәйкес, негіз қабатының сапасы нормативтік талаптардан жоғары екені анықталған. Мамандар нысандағы бақылау жұмыстарының тұрақты түрде жалғасатынын айтады.