Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық мәселесі – қоғам үшін өзекті түйткілдердің бірі. Әсіресе мемлекеттік қызметшілердің бармақ басты, көз қысты әрекетке жол беруі – көпшілік тарапынан сынға алынып отыр. Түркістанда өткен алқалы жиында прокурорлар осы мәселені көтерді.


 Кездесу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәдениетті қалыптастыру бағытындағы негізгі жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-офицерлердің қызметі мен олардың міндеттері кеңінен түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Жиында прокуратура және полиция өкілдері білім беру мен денсаулық сақтау салаларында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы да ақпарат берді. Кездесу соңында сала басшысы білім беру мен денсаулық сақтау бағыттарының қоғам болашағына тікелей әсер ететін маңызды салалар екенін атап өтті. Сондай-ақ әрбір мекеме басшысының негізгі міндеті – ұйым ішінде заңдылық пен тәртіпті сақтау, адалдық қағидатын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті күшейту екенін жеткізді.


 ЕРЖАН ҚАСЫМСАҚОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Әр тоқсан сайын жиындарда айтып отырамыз. Қаншама түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.