Қазақстанда күн сайын екі әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Аурудың басты себептерінің бірі – адам папиллома вирусы. Көп жағдайда ағзада жылдар бойы белгі бермей жүретін инфекция ақырында қатерлі дертке ұласуы мүмкін. Сондықтан мамандар қауіпті вирустың алдын алатын вакцинаның маңызын ерекше атап өтуде.
Адам папиллома вирусы – әлемде ең көп таралған инфекциялардың бірі. Ғалымдар оның 200-ден астам түрін анықтаған. Оның ішінде кем дегенде 12-сі аса қауіпті саналады. Дәрігерлер бұл вирус жатыр мойны обырымен қатар ауыз-жұтқыншақ қатерлі ісігінің де пайда болуына әсер етуі мүмкін екенін айтады. Елімізде жыл сайын шамамен екі мың әйелден жатыр мойны обыры анықталса, алты жүзге жуық науқас осы дерттің құрбанына айналады.
АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
600 әйелдің өлімі деген – өте қасіретті көрсеткіш. Вируспен зақымданған сәттен бастап 10-20 жылдың ішінде рак алды, рак ауруы пайда болады. Өкінішке қарай, Қазақстанда скринингке мән беретін қыз-келіншектер саны өте төмен. Негізінен оңтүстік өңірде кеңінен таралған, жатыр мойны қатерлі ісігі. Себебі қыз-келіншектер көп. Оңтүстік аймақта туу көрсеткіші жоғары боп келеді. Сондықтан аурушаңдық өте жоғары боп келеді.
Мамандардың айтуынша, вирус жұққаннан кейін қатерлі ісіктің дамуына дейін 10-20 жыл уақыт өтуі мүмкін. Алайда дер кезінде тексеруден өтіп, скринингтен тұрақты өту арқылы қауіпті дерттің алдын алуға болады. Өкінішке қарай, мұндай тексерулерге қатысатын қыз-келіншектердің қатары әлі де аз.
Бүгінде қауіпті инфекциядан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Екі жыл бұрын басталған екпе науқаны алғашында 11-13 жастағы қыздарды қамтыса, қазір 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер де екпе алуға мүмкіндік алып отыр. Дәрігерлер вакцина алғандардың арасында ауыр жанама әсерлер тіркелмегенін айтады.
Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта бұл вакцинаны ұл балаларға да салуды жоспарлап отыр. Себебі адам папиллома вирусы әйелдерге ғана емес, ер азаматтардың денсаулығына да қауіп төндіреді. Ал әзірге ересектер бұл екпені ақылы негізде ала алады. Мамандардың айтуынша, бүгін жасалған екпе ертеңгі өмірді сақтап қалуы мүмкін.