Еңбек нарығына қандай мамандар қажет? Колледждер заман талабына қаншалықты сай? Шымкентте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен өткен комиссия отырысында мемлекеттік білім беру тапсырысын тиімді қалыптастыру мәселесіне басымдық берілді.
Жиында колледждердің стратегиялық даму жоспарлары, өңір экономикасына қажетті жаңа мамандықтарды ашу, лицензиялау үдерістері және мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тетіктері қаралды. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту, дуальды оқыту жүйесін дамыту және жұмыс берушілермен әріптестікті күшейту мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткішін арттыру мен білікті кадр даярлау бағытындағы міндеттер пысықталды. Отырыс қорытындысында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.