Шымкент халықаралық туристік бағыттардың жаңа нүктесіне айналуы мүмкін. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытайдың Сиань қаласынан келген делегациямен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту, туризм мен логистика саласындағы серіктестікті күшейту мәселелері сөз болды. Тараптар тарихи Жібек жолы бойында орналасқан Шымкент пен Сиань қалаларының әлеуетіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ «Қытай - Орталық Азия» халықаралық мәдени-туристік пойызының бағытына Шымкентті енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Бұдан бөлек, студенттер алмасу бағдарламаларын дамыту, Қытай жоғары оқу орнының Шымкентте филиалын ашу және агроөнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар екі қала арасындағы экономикалық әрі мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.