Шымкентте жұмысшы мамандар қаншалықты сапалы дайындалып жатыр? Колледж студенттері ертең еңбек нарығында өз орнын таба ала ма? Осы сауалдар WorldSkills Shymkent байқауында сарапқа салынды. Жас мамандар кәсіби шеберлік алаңында өз білімі мен дағдыларын сынға салды.
Байқауға қаладағы 40 колледжден 250-ден астам студент қатысты. Олар 45 құзыреттілік бағыты бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Жеңімпаздар алдағы республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға жолдама алады.
НҰРБОЛАТ АБДУЛЛАЕВ, ИНДУСТРИАЛДЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Жұмысшы мамандардың беделін арттыратын маңызды чемпионат. Бұл жерде студенттер теорияда алған білімін тәжірибеде қолданады.»
Ал Аяулым Табысали қытай үлгісіндегі ципао көйлегін небәрі 7 сағатта тігіп шықты. Матаны қиып-пішу, өңдеу және ою-өрнекпен әрлеу жұмыстарын ол толықтай өзі атқарды. Жас дизайнер алдын ала берілген тапсырма бойынша екі ай бойы идея іздеп, эскизін әзірлеген. Сарапшылар оның еңбегін жоғары бағалады.
АЯУЛЫМ ТАБЫСАЛИ, ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
«Бұл көйлек – ципао, қытай үлгісіндегі көйлек. Мен оны 7 сағатта тігіп біттім.» «Бұл жарыстан мен үлкен сенім мен шабыт алдым. Болашақта өз мамандығыммен еркін жұмыс істей алатыныма көз жеткіздім.»
Нұрдәулет сандық бағдарламамен басқарылатын фрезерлік станокта жұмыс істейді. Құрылғы автокөлікке қажетті бөлшектерді дайындайды. Ол байқауда өзімен деңгейлес студенттермен тәжірибе алмасып, шеберлігін сынға салды. Айтуынша, бұл жұмыс аса дәлдікті талап етеді, бір қате – бірнеше сағаттық еңбектің бекерге кетуі мүмкін.
НҰРДӘУЛЕТ МАРХАБАЙ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ
«Дайындығым өте жақсы деңгейде. Жеңіске үміттімін.»«Бұл құрылғымен көптеген бөлшектер жасауға болады. Көбіне автокөлікке қажетті детальдарды дайындаймыз.»
Сарапшылардың айтуынша, колледж студенттері ертең жұмыссыз қалмайды. Себебі олар қазірдің өзінде дуальды оқыту жүйесі арқылы өндіріс орындарында тәжірибе жинап жүр. Сабақпен қатар нақты кәсіпорындарда жұмыс істеп, еңбекақы да алады.