Түркістан облысының Қытайға жасаған сапары ауқымды инвестициялық келіссөздерге жол ашты. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров бастаған делегация Ухань қаласында 50-ден астам ірі компания өкілдерімен және инвесторлармен кездесті. Онда құны жүздеген миллион долларды құрайтын жаңа жобалар қаралды.


Сапар барысында өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және көлік салалары бойынша бірлескен жобалар таныстырылды. Қытайлық инвесторлар Түркістан облысының стратегиялық орналасуы мен экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, әріптестікті дамытуға қызығушылық танытты. Ең ірі ұсыныстардың бірі – мәдени-туристік бағыттағы жоба. Халықаралық компания теңіз тақырыбындағы ауқымды ойын-сауық орталығы немесе океанариум салуды ұсынған. Бұл жобаның инвестициялық құны шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Тағы да айтқым келеді, біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Барлығыңызды Түркістанға шақырамын. Түркістанда жыл сайын форум өткізу дәстүрге айналып келеді. Осы үрдіске үлес қосып жатқан барша қауымдастыққа алғыс айтамын.»


 Сонымен қатар, қытайлық компания Түркістанда заманауи саябақтар, гүл және құс базарларын салу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Жобаның алдын ала құны 180 миллион юаньды құрайды. Айта кетейік, бүгінде өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асуда.