Балалардың күлкісі көбейіп, аулалар жаңара түспек. Шымкентте «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсыныстары жүзеге асып жатыр. Әл-Фараби ауданында ондаған аулаға жаңа ойын және спорт алаңшаларын салу жоспарланған.


 Биыл аудан аумағындағы 40 мекенжайда заманауи балалар ойын алаңшалары орнатылады. Оның ішінде 5 аулада тұрғындардың спортпен шұғылдануына арналған кешенді спорт және ойын алаңшалары бой көтереді. Қазірдің өзінде 7 мекенжайда құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Мамандар ескі құрылымдарды бұзып, аумақтарды абаттандыруда. Кейін арнайы қауіпсіз жабын төселіп, жаңа ойын құрылғылары мен спорт элементтері орнатылады. Нәтижесінде тұрғындар үшін жайлы демалыс орындары көбейіп, балалардың қауіпсіз ойнауына қолайлы жағдай жасалады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аулаларды жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да мүмкіндік беріп отыр.