Қазақстанда үйленетіндер азайып, ажырасатындар көбейіп барады. Елде жаңа шаңырақ көтергендердің саны соңғы 20 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Мамандар жастардың некені кейінге қалдыруы бұл үрдістің басты себептерінің бірі екенін айтады.


 Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар-наурыз айларында елімізде 21 мың 600 неке тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға төмен. Ал 2021 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 32 мыңнан асқан болатын. Неке қию көрсеткіші жоғары өңірлер қатарында Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды және Ұлытау облыстары бар. Алайда дәл осы аймақтарда ажырасу дерегі де аз емес. 2026 жылдың бірінші тоқсанында елімізде 11 мың 200 отбасы ресми түрде ажырасқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен мың отбасыға көп. Сарапшылар мұны соңғы жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі деп бағалап отыр. Мамандардың пікірінше, қазіргі таңда қазақстандықтар некені ресми тіркеуге асықпайды, ал құрылған отбасылардың тұрақтылығы да бұрынғыдай емес.