Нарық сұранысын дөп басып, заманауи технологияны меңгерген жастар – ел болашағының кепілі. Кәсіби шеберлікті шыңдайтын WorldSkills байқауы еңбек адамының мәртебесін арттыруды көздейді. Шаһарда өтіп жатқан іріктеу кезеңінде қатысушылардың білімі мен білігі сынға түсуде.


Биылғы байқаудың ауқымы кең. Тоқсан жылдан астам тарихы бар М. Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі бұл додаға жыл сайын қатысып келеді. Биыл оқу орнынан 31 үміткер бақ сынап, 14 құзыреттілік бойынша өзара жарысуда.


 ГАУХАР МАДИЯРОВА, М. ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
 Бұл чемпионатқа студенттер әртүрлі құзыреттілік бойынша қатысып жатыр. Біз бұл жарысқа 2017 жылдан бері қатысып келеміз. Осы уақытқа дейін бірнеше мәрте екінші және үшінші орындарды иелендік. Сондай-ақ республикалық жарыстарға жолдама алып жүрміз.


Колледж базасында заманауи талаптарға сай 10 бағыт бойынша жарыс алаңдары жасақталған. Қатысушылар киберқауіпсіздік пен 3D модельдеуден бастап, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және визуалды мерчендайзингке дейінгі күрделі модульдік тапсырмаларды өндірістік жағдайға жақын ортада орындайды.


 СӘБИТ ТҰМАШБАЙ, «МОБИЛЬДІ РОБОТОТЕХНИКА» ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ БОЙЫНША ӨҢІРДЕГІ БАС САРАПШЫ
Бүгінгі жарысқа қаланың бес колледжінен студенттер қатысып жатыр. Әр команда екі қатысушыдан құралған. Олар ауыл шаруашылығына қажетті роботтарды құрастыруда. Қазір жеңімпаздарды анықтау жұмыстары жүргізілуде.


Қатысушылардың жұмысын бағалайтын сарапшылар халықаралық стандарттардың қатаң талаптарын басшылыққа алады. Ал үздіктер өңір намысын республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда қорғайды.