Қазақтың әр сөзі – тәрбиенің өзегі, әр батасы – тұнып тұрған даналық. Түркістанда өткен тағылымды басқосу дәл осы құндылықты қайта жаңғыртты. Ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, ата-баба аманатын ұмыттырмауды көздеген шарада бата беру дәстүрі кеңінен дәріптелді. Жиын барысында тек сөз айтылып қана қойған жоқ, сахнада тарих тірілді. Жастар бата айтып жарысты, үлкендер батаның терең мәнін еске салды. Ал арнайы байқау жас буынның өнері мен ой ұшқырлығын таразыға салды.


 Бұл жолғы жиында бата жай ғана ақ тілек ретінде емес, тұтас тәрбие мектебі ретінде қарастырылды. Оның ішінде адамды ізгілікке жетелейтін күш, өмірлік бағдар беретін тағылым бары жан-жақты айтылды.  


ДОСАЙ КЕНЖЕТЕАЕВ, Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХҚТУ ПРОФЕССОРЫ
Байқаудың шымылдығы «Бата – адал азамат тәрбиесінің бастауы» атты театрландырылған қойылыммен түрілді. Одан кейін сахна өнерпаздардың әні мен рухты өнеріне ұласты.  


 Осындай кездесулер бір сәттік шара емес, ұрпақтың тамырына су құятын рухани көпір іспетті. Бүгін айтылған бір ауыз бата – ертеңгі ел болашағына бағыт беретін шамшырақ.


БОЛАТБЕК АМАНГЕЛДІ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Бұл тек байқау емес, үлкен рухани сабақ болды. Мұнда біз үлкенге құрмет, кішіге ізет деген ұғымды сөзбен емес, жүрекпен сезіндік. Осындай кездесулер көбейсе, ұлттық рухымыз да биіктей береді.


Сайыс барысында сахнада тек сөз емес, жүректен шыққан шынайы сезім көрініс тапты. Қариялардың батасы мен жастардың ықыласы бір арнада тоғысып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.