Қытай өңірлер арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аспан асты еліндегі жұмыс сапары аясында Хубэй провинциясы губернаторы Ли Дяньсюньмен ресми кездесу өткізді. Екі тарап сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Қытайлық губернатор өңірлер арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Түркістан өңірі Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды логистикалық көпір бола алады. Айта кетейік, Түркістан облысы мен 60 млн халқы бар Хубэй провинциясы арасындағы бауырластық қарым-қатынас туралы келісімге 2024 жылы қол қойылған. Кейін Астанада өткен Орталық Азия – Қытай саммиті аясында бұл келісім ресми түрде бекітіліп, өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы қабылданды.