Жолды кесіп өтерде сақ болыңыз! Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге арналған өткелден тыс, белгіленбеген жерден кесіп өткендерді дрон арқылы анықтап жатыр.
Түркістан облысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Кентау қаласының полицейлері жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтауын дронның көмегімен бақылауға алған. Нәтижесінде 41 жастағы азаматшаның жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені анықталды. Оған заңнамаға сәйкес әкімшілік шара қолданылды. Жалпы жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы қағидаларын бұзуына қатысты мыңнан астам дерек тіркелген. Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды тек арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалануға, жол ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.