Шымкентте жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруды көздейтін «WorldSkills Shymkent» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты жалғасып жатыр. Ауқымды дода шаһардағы бірнеше арнаулы оқу орындарының базасында ұйымдастырылды. 45 құзыреттілік бойынша өтіп жатқан жарыста 250-ден астам студент бақ сынасып, шеберлігін шыңдайды.


Тоғжан Ерубай – «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжінің студенті. Тәтті пісіруді жаны сүйетін білім алушы бұл ауқымды жарысқа алғаш рет қатысып тұр. Ол қазылар алқасының талғамынан шығып, таңғалдыру үшін авторлық круассан түрін ойлап тапты.


ТОҒЖАН ЕРУБАЙ, «ТАМАҚТАНДЫРУ ИНДУСТРИЯСЫ ЖӘНЕ СЕРВИС» КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Іріктеудің бірінші күнінде круассан әзірледік.Ал бүгін нан өнімдерін, классикалық багет дайындаймыз. Мен өз ойымша тәттінің дайындалу жолын құрастырып жүрдім.Егер республикалық жарысқа жолдама алсам, осы нұсқаулықпен тәтті дайындап апарамын.


 Жұмысшы мамандардың халықаралық олимпиадасы ретінде танылған байқаудың тарихы 1950 жылдан бастау алады. Бүгінде бұл беделді ұйым әлемнің 80-нен астам елін біріктіріп, кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған ірі халықаралық алаңға айналды. Негізгі мақсат – еңбек нарығының сұранысына сай білікті маман даярлау.


 ӘТІРКҮЛ ЕСДӘУЛЕТОВА,  «WORLDSKILLS» ҚОЗҒАЛЫСЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ
Әрбір колледж өз өңірлеріне керекті мамандықтар бойынша сынға түсіп жатыр.Мәселен, Шымкентте аспаз, кондитер, техника саласының мамандары жарысады.Ал жалпы Қазақстан бойынша іріктеу байқауына 5000-нан астам колледж студеттері қатысуда.


Бұл сындарлы бәсекеде топ жарып, дара шыққан үздіктер республикалық кезеңге жолдама алып, қала намысын қорғайды. Ал жеңімпаздар әлемнің 90-нан астам елінен келген қатысушыларды тоғыстарған додада сынға түседі.