Көшпелі кездесуде айтылған әрбір мәселе назарда. Тұрғындардың ұсынысы мен өтініштері ескеріліп, бірқатар түйткілдің түйіні тарқатылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасымен көтерілген мәселелер бойынша нақты жұмыстар қолға алынып, алғашқы нәтижелер көріне бастады.


 Соның бірі – Бәйдібек би даңғылы бойындағы жерасты өткелінің айналасын ретке келтіру мәселесі. Тұрғындардың сынынан кейін бұл аумақта жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, жаңа асфальт төселді, тротуарлар қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар қала көшелерінде жарықтандыру жүйесі күшейтіліп, ескірген шамдар ауыстырылуда. Инженерлік желілер жүргізілген аумақтарда жол жабындарын қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған. Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындардың өтініші негізінде бейнебақылау камералары тексеріліп, кейбір нүктелерде жаңалары орнатылды. Қажетті жерлерде камералардың бағыты өзгертіліп, бақылау күшейтілді. Кәсіпкерлік нысандарға қатысты түскен шағымдар бойынша да тексерулер басталды. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Алдағы уақытта суару жүйелерін қалпына келтіру, балалар және спорт алаңдарын салу, жаңа қоғамдық кеңістіктер ашу, көгалдандыру мен абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Мамандар қазір қажетті зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айта кетейік, көшпелі кездесулерден кейін бірқатар мәселенің жедел шешімін табуы тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогтың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Ал қосымша пысықтауды қажет ететін өтініштер бақылауда және кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.