Өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай, оны өзгелерге үйретіп жүр. Олардың айтуынша, қазақ тілі – тек қазақ халқының емес, елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлысты біріктіретін ортақ байланыс құралы. Осы мақсатта өткен «мемлекеттік тіл» байқауында қатысушылар тіл меңгеру шеберлігін ортаға салды.
Ангелина Меньшикова – болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазір осы салада білім алып жүр. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімінің көмекшісі ретінде еңбек етеді. Ол жас шәкірттерге қазақ тілін үйретіп жүр. Ангелина мемлекеттік тілді меңгерудің өз өміріне үлкен мүмкіндік ашқанын айтады.
АНГЕЛИНА МЕНЬШИКОВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
«Көріп тұрғандарыңыздай, екі медаль иегерімін. Қаланың және Орталық Азияның үздік студентімін. Мұның бәріне қазақ тілін білгенімнің арқасында қол жеткіздім.»
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде 12 қатысушы жасанды интеллект көмегімен өздерін таныстырса, екінші кезеңде қазақ тілін оқыту әдістерін ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оны кеңінен насихаттау.
ӘБДЕЗ РАХМАНҰЛЫ, ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Өзі туралы, қазақ тілін қалай меңгергені туралы ЖИ арқылы видеоролик жасайды. Бұл – заман ағымына ілесудің бір жолы деп білеміз.»
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хаттармен марапатталды. Айта кетейік, мемлекеттік тілді меңгергісі келетін азаматтарға тілдерді оқыту әдістемелік орталығы тегін оқу мүмкіндігін ұсынады.