Шымкентте қала экономикасының дамуына тың серпін беретін тағы бір ауқымды жоба пайдалануға берілді. Енді тұрғындар ауа-райының аптабында азық-түлік іздеп, базарды шарламайды. Тассай мөлтекауданында орналасқан «FOOD CITY» орталығына барып, керектісін тиімді бағада ала алады. Өнімдері тұтынушыға тікелей жол тартатын сауда орнының тағы қандай артықшылықтары бар? Тілшіміз тарқатып айтады.
«Food City» орталығы – өңір экономикасына тың серпін беретін жаңа жоба. Жалпы аумағы 5,2 гектарды қамтитын нысанның сауда алаңы 30 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 300 сауда орны ашылып, 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жобаның басты артықшылығы – өнімнің дала мен диқаннан тікелей тұтынушыға жетуі. Яғни, мұнда артық делдалдар азайып, шаруалар өз өнімін тиімді бағада өткізе алады, ал қала тұрғындары балғын азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
САБИРА ОРМАНОВА, ЛОГИСТИКАЛЫҚ САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазір мегаполисіміз жыл сайын кеңейіп келеді. Экономикамызды көтеруге өзіндік үлесімізді қосу мақсатында осы базарды аштық. Базарда сатушылар табиғаттың тосын мінезіне қарамай-ақ сауда жасап отырады. Халықтың жағдайын жасау үшін осы жобаны қолға алдық.
«Food City» әлеуметтік жауапкершілікті де басты назарға алған жоба ретінде ерекшеленеді. Мәселен, орталық әкімшілігі көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы жандарға қолдау көрсету мақсатында 20 сауда орнын тегін пайдалануға берді. Енді олар мұнда кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын таба алады.
ЛӘЗЗАТ ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР
Бүгін өте қуаныштымын .Біз бұл сауда орнындағы алғашқы кәсіпкерлердің біріміз. Халыққа сапалы, балғын өнімдерді әкеліп сатамыз. Жеміс-жидек, көкөніс сынды арзан өнімдер бізде бар.
«Food City» Шымкенттегі теміржол тұйығы бар жалғыз көтерме сауда орталығы. Үш бағыттан келетін теміржол желісі тауар жеткізу уақытын едәуір қысқартып, логистикалық шығындарды айтарлықтай төмендетеді. Бұл тауар айналымын тездетіп, өнім бағасының өсуіне жол бермейді.
АБИБУЛЛА ЖОЛАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жаңа ашылған орталықтың бағалары көңілімнен шығып жатыр. Бүгін келіп, картоп, пияз, сәбіз алдым. Өте тиімді баға әрі өнімдері де балғын екен.
Орталық халықаралық нарыққа шығуға да жол ашады. Сауда орны қазірдің өзінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай сынды елдермен өнім жеткізу бойынша серіктестік орнатқан.
HO LE YU, ШЕТЕЛГЕ ТАУАР ЖЕТКІЗУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ
Бүгін жаңа ерекше сауда орталығының ашылуына келдік. Енді біз Қытайдан көкөністер мен жемістерді экспорттап, Қазақстанға жеткіземіз. Яғни өнімдер келе сала, тұтынушыға қарай жол тартады.Тұрғындар балғын, таза өнімді тұтынады. Бұл арқылы екі ел арасындағы байланыс одан әрі нығайып жатыр деп ойлаймын.
Орталыққа келетін кәсіпкерлер мен жүргізушілер үшін де қолайлы жағдай қарастырылған. Нысан аумағында 450 көлікке арналған 20 мың шаршы метрлік автотұрақ бар. Ал ұзақ жолдан шаршап келетін жүк көлігі жүргізушілері үшін ғимарат ішінен арнайы демалыс бөлмелері жабдықталған.
ҒАБИТ АЙСЕКЕНОВ, «FOOD CITY» САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Сауда орнына 280 жүк көлігі сыяды.Нысан жылытқыш, мұздатқыштармен толық жабдықталған.5 мың квадраттық мұздатқыштағы көкөніс өнімдерінің барлық түрі Қытай, Ресей, Египет елдерінен әкелінеді.
Орталық Азия елдерінің қиылысында орналасқан Шымшаһар үшін бұл орталық экспорт пен импортты реттейтін алтын көпірге айналмақ. Орталық шаһардың экономикалық әлеуетін арттыруға да септігін тигізеді.