Жаз мезгілімен бірге мазаны қашыратын маса мен шіркей де көбейеді. Осыған байланысты Шымкентте зиянкестерге қарсы ауқымды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып отыр.
Қала аумағында дезинсекция жұмыстары жоспарға сәйкес жүйелі түрде атқарылуда. Өңдеу шаралары саябақтарда, гүлзарларда, өзендер мен каналдардың жағалауларында, сондай-ақ тұрғындар жиі демалатын орындарда жүргізілуде. Мамандар залалсыздандыру жүргізілген аумақтарда балалардың ойнауына жол бермеуді және өңделген жерлермен тұрмыстық заттардың жанаспауын қадағалауды сұрайды. Сонымен қатар зиянкестердің көбеюіне жол бермеу үшін тұрғындарға аулаларды таза ұстап, су жиналатын орындарды дер кезінде жою ұсынылады. Жауаптылардың айтуынша, жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар аумағындағы залалсыздандыру жұмыстары өтінім берушілердің жеке қаражаты есебінен жүргізіледі. Қабылданып жатқан шаралар санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалуына жағдай жасауға бағытталған. Маса мен шіркейге қарсы күрес тек мамандардың ғана емес, әр тұрғынның жауапкершілігін талап етеді. Сондықтан қала тазалығына ортақ үлес қосу зиянкестердің таралуының алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі болып қала береді.