Түркістан өңірінде жұмыспен қамту көрсеткіші қай деңгейде? Екі қолға бір күрек ұстап, жұмыс істеймін деген азаматтар лайықты жалақыға қол жеткізе алады ма? Облыс орталығына арнайы келген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі тұрғындармен ашық форматта сұхбат құрып, көкейтесті сауалдарға жауап берді.
Жиынға қатысқандардың дені әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар. Сауал жолдау барысында мүмкіндігі шектеулі жандар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Жеке көмекші қызметін алу барысында туындайтын қиындықтар мен оңалту құралдарының уақытылы берілмеуі осы санаттағы тұрғындарды көптен бері толғандырып келеді. Айтуларынша ортопедиялық жабдықтар мерзімінде жеткізілген күннің өзінде өлшемі сәйкес келмей, күнделікті тұрмыста пайдалануға қолайсыздық тудыратын көрінеді.
Халықтың базынасына құлақ түрген Ербол Тұяқбаев, қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарының кей салада еленбейтіндігін жоққа шығармады. Осыған байланысты, тұрғындардың әр сауалын қағазға түсіріп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеу арқылы бақылауға алатынын баса айтты. Сондай -ақ, бірқатар түйткілді мәселелердің тиісті мемлекеттік органдармен және жоғары деңгейдегі тұлғалардың қатысуымен қосымша қаралатынын жеткізді.
ЕРБОЛ ТҰЯҚБАЕВ , ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаржы бөлініп жатыр. Алайда оның қаншалықты сол санаттағы азаматтардың әлеуетін жақсартуға әсер етіп жатқандығынан бейхабармыз. Аталған мәселелерді назарға міндетті түрде аламын. Расында біз жергілікті жерлердегі, әкімдік басқармаларының берген есебімен ғана шектеліп жатырмыз. Бұл бойынша орын алып жатқан олқылықтардың орнын толтыруға барымызды саламыз.
Жалпы Түркістан облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Биыл өңірде 74 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделсе, оның 54 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары. Әлеуметтік салада кедейлік деңгейі 2 пайыз төңірегінде. Бұл жоспарлы жоспарлы межеден төмен.