Шымкенттің кештері бұрынғыдан да көңілді. Демалыс күндері саябақтар мен аллеялар өнер алаңына айналып, тұрғындар цирк қойылымын тамашалап, театр әртістерінің өнеріне қол соқты. Ашық аспан астындағы мерекелік бағдарламалар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қала саябақтарында өткен мәдени шаралар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әсіресе цирк әртістерінің өнері бүлдіршіндердің ерекше ықыласына бөленді. Балалар сайқымазақтармен бірге ойнап, түрлі тапсырмаларды орындап, қойылымның белсенді қатысушысына айналды. Ашық аспан астында ұйымдастырылған тегін бағдарламалар ата-аналар мен балаларға жарқын әсер сыйлады.

 ЕРЖАН НҰРСҰЛТАНҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИРК ӘРТІСІ
«Паркте жүрген қонақтарымызға 1 сағат 20 минуттық қойылым ұсынамыз. Келіңіздер, біз сіздерді күтеміз!»

 Ал «Жеңіс» саябағында «Жастар театрының» өнерпаздары көрерменге ерекше кеш тарту етті. Ән мен би, поэзия мен театр элементтері үйлескен бағдарлама тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді. Әртістер көрерменмен еркін пікір алмасып, көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармаларды бірге орындады.

ШЫРЫНХАН ЗЕБЕРХАН, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
 «Халықтың рухын көтеретін, ұлттық рухты бойына мықтап сіңіретін бағдарлама әзірледік. Барша қала тұрғындарын шақырамыз!»
Бүгінде шымкенттіктер үшін демалыс күндерін саябақтарда өткізу жақсы дәстүрге айналған. Апта сайын мәдени ұжымдар жаңа бағдарламалар ұсынып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келеді.