Түркістан облысына жаңа инвестициялар тартуға бағытталған жұмыс қарқын алды. Қытайға барған өңір делегациясы ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп, болашақта жүзеге асуы мүмкін жаңа жобалардың пулын қалыптастырды. Бұл кездесулер өңір экономикасына қандай серпін береді?

Қытайдың Хубэй провинциясында өткен кездесулер барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, бірқатар маңызды бастамалар талқыланды. Тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне тоқталды. Қытайлық компаниялар өңірде жүзеге асыруға ниетті жобаларын ұсынып, Түркістан облысының өндірістік және логистикалық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Нәтижесінде өңірде іске асырылуы мүмкін жаңа инвестициялық жобалардың ауқымды пулы жасақталды.
АСҚАР АБУБАКИРОВ,  КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл Қытайдың бестік дамыған провинцияларының бірі. Осы елдің дамыған қалаларының бірі. Бүгін оншақты ірі кәсіпкерлермен кездестік, нақты кездесу нақты жобаларды көрсетіп жатырымыз.

Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Соңғы жылдары екі өңір арасындағы іскерлік байланыс нығайып, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Кездесулер барысында қытайлық кәсіпкерлер өндіріс, құрылыс материалдары, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және көлік-логистика салаларына қызығушылық танытты. 


ЖАЛЫН ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
Түркістан облысы мен Хубей провинциясының арасында 3 жылдан бері достық қатынас жақсы жүзеге асып келе жатыр. Олар салған инвестиция көлемі жылдан жылға өсіп келе жатыр.  


Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші. Сондықтан Түркістан облысы шетелдік әріптестермен байланысты күшейтіп, жаңа өндірістер ашу мен жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастырып келеді.