Шардарада білім мен логиканың нағыз шайқасы өтті! Республикалық «AL-FARABI» интеллектуалдық додасына мыңға жуық жас қатысып, өзара мықтыны анықтады. Бұл тек жарыс емес, қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірегей жоба! Облыс әкімдігі мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырған тартысты бәйгеде кім оқ бойы озып шықты? Ойлы жастардың додасы келесі материалда.


 Шағалалы Шардара қаласының орталық стадионы бұл күні білім мен логиканың ордасына айналды. «AL-FARABI» зияткерлік сайысына 200-ге жуық команда қатысып, өз білімін сарапқа салды. Ашық аспан астында өткен жарыс жаңа Конституцияның қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауға, «Заң және тәртіп» қағидатын дәріптеуге бағытталған. Мұндай бастамалар жастардың құқықтық және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін жетілдіруге көмектеседі, дейді білім сайысын ұйымдастырушылар.

ГҮЛЗИЯ ҚАРСЫБАЙ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ОФИЦЕРІ
Жалпы, сайыстың басты мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында олардың біліктілігін арттыру болып табылады. Бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Бұған дейін де жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі форматтың ерекшелігі – жастардың жаңа Конституцияны қолдауы, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын дәріптеуі. Бұл – жиынның негізгі алғышарттарының бірі.

Жастар интеллектуалдық жоба аясында жалпы бес кезеңнен құралған бәсекеде бақ сынады. Команда мүшелері заңнамадан бөлек, ел тарихы, логикалық және психологиялық бағыттағы сауалдарға жауап берді. Кіл мықтылар жиналған білім додасында шашасына шаң жұқтырмай суырылып шығу оңай болмағанын жеңімпаздар да жасырмады.


НҰРСҰЛТАН АЛПЫСБАЕВ, ШАРДАРА АУДАНЫ «НЕЙРОН» КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ
Сұрақтар әртүрлі саланы қамтыды. Жалпы, мұның барлығы тәжірибе деп ойлаймын. Тек бір саламен шектеліп қалмай, осындай ойындардың арқасында біліміміз шыңдалады. Ұйымдастырылуына, жалпы барлығына 100 пайыз ризамыз.

Білім мен логика ұштасқан сайыста үздік шыққан командалар арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, «AL-FARABI» республикалық интеллектуалдық ойынының жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрады.