Түркістан облысында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады! Мұның бәрі мемлекет қолдауының арқасы. Аймақта жалпы құны 58 миллиард теңгені құрайтын 377 ірі бизнес-жоба қолға алынды. Өндіріс орындары іске қосылғанда, өңір экономикасы жаңа деңгейге көтерілмек.

Өңірдегі кәсіпкерлік саласының қазіргі ахуалы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көш бастап тұр.Биыл жыл басынан бері аталған жобалардың 78-і іске қосылды. Нәтижесінде облыс экономикасына 9,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.


НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Кәсіпкерлік саласында өткен жылмен салыстырғанда оң динамика бар.Облыста кәсіпкерлік дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.Бизнесті кеңейту, инвестор тарту бағыты дамып келеді.


Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары арқылы жалпы 85 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Қазірдің өзінде ондаған жоба қаржыландырылып, кәсіп иелеріне қолдау көрсетіліп келеді.Бұдан бөлек, қымыз өндіру, аяқ киім тігу, табиғи шырын шығару, ет және балық өнімдерін өңдеу сынды жобалар да іске қосылмақ.Жиында облыс әкімі сала мамандарына тапсырма жүктеп, жұмысты жеделдетуді тапсырды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Кәсіпкерлердің жобаларын дайын өнім шығарғанға дейін бақылауда ұстауды, облыста іске асырылып жатқан жобаларды бақылауды, өндірістік парктерді құру жұмыстарын кестеге сәйкес атқаруды тапсырамын.


Өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қазір облыс аумағында 29 өндірістік алаң құрылып, 275 ғимараттың құрылысы басталған. Оның 141-і пайдалануға берілді. Жалпы құны 226 миллиард теңгеден асатын 269 өндірістік жоба дайындалған. Жыл соңына дейін пластикалық құбырлар мен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады деп жоспарланып отыр.