Шымкентте балалардың жазғы сауықтыру маусымы басталды. Алғашқы оқушылар легі «Ақсу» лагеріне аттанып, демалыс күндерін табиғат аясында өткізуде.


Алғашқы кезеңде 200 оқушы «Ақсу» жазғы сауықтыру лагеріне жол тартты. Мұнда балаларға шығармашылық, спорттық және танымдық бағдарламалар ұсынылады. Сондай-ақ түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар да ұйымдастырылады. Демалушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Балалар күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, тәжірибелі тәрбиешілердің бақылауында болады. Жалпы, биыл Шымкентте жазғы демалыспен 245 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланған. Оның ішінде 225 мыңы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 11 200 оқушы арнайы сауықтыру орталықтары мен Оқушылар сарайы жанындағы лагерьлерге жіберіледі. Балалар Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы, сондай-ақ Шымкент пен Кентау қалаларындағы «Ақсу», «Машат-Арасан», «Үркер», «Үш бұлақ», «Турбаза Қазығұрт» және «Көктөбе-1» лагерьлерінде тынығады.