Түркістан тағы да үлкен спорттық додаға куә болды. Ұлттық рух пен бәсекені тоғыстырған VIII Халық ойындарының салтанатты ашылуы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Елдің әр өңірінен жиналған спортшылар тартысты жарысқа жол ашты.
Ұлттық спортты ұлықтап, бұқаралық дене шынықтыруды дамытуға бағытталған Халық ойындары биыл да кең көлемде өтуде. Түркістан төрінде өткен ашылу рәсіміне 20 өңірден 2300-ден астам спортшы мен жаттықтырушы жиналды. Өңір басшысы шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан бүгінде ірі спорттық және халықаралық жарыстарды өткізуге қабілетті орталыққа айналып отыр. Бүгінгі додаға 2300-ден астам спортшы қатысып отыр. Бұл – Халық ойындарының беделі жыл сайын артып келе жатқанының дәлелі…
Ашылу салтанаты әсерлі көріністерге толы болды. Командалар су үстіндегі ерекше шеру арқылы таныстырылып, сахна этно-фольклорлық қойылымдар мен концерттік бағдарламаларға ұласты.
БЕЙБАРЫС САЙЛАУОВ, ОЙЫНШЫ
Түркістандағы VIII Халық ойындары өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз Атырау облысынан 5 команда болып келдік.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде спорт қарқынды дамып келеді. Бүгінде 89 мыңнан астам спортшы 62 спорт түрімен айналысады. Балалар спортына ерекше көңіл бөлініп, 51 спорт мектебінде 40 мыңға жуық жасөспірім жаттығуда. Биыл спортшылар 657 медаль жеңіп алып, 788 спортшы ұлттық құрама сапына енген.