Шымкентте Қала күні кең көлемде аталып өтеді. Тұрғындарды гала-концерт, республикалық айтыс және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Этнофест» фестивалі күтіп тұр.
Бұл туралы қала әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Қала күніне орай шаһарда 17 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады. Негізгі мерекелік шаралар 19 маусым күні Астана алаңында өтеді. Мұнда жергілікті және отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Мерекенің басты ерекшелігінің бірі – ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті насихаттайтын «Этнофест» фестивалі. Ал 20 маусымда Түркістан сарайында республикалық айтыс өтіп, кешке мерекелік гала-концертпен қорытындыланады. Жиында өрт қауіпсіздігі, ақпараттық саясат және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері де қаралды. Қала әкімі жауаптыларға мерекелік іс-шараларды сапалы ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.