Түркістан облысында кейбір жүргізушілер айыппұлдан жалтару үшін көлік нөмірін заңсыз өзгерткен. “Жалған нөмір” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер 1727 құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті.
Рейд кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірі оқылмайтын, талапқа сай келмейтін немесе белгіленбеген жерге орнатылған 121 көлік тоқтатылды. Сондай-ақ, нөмірсіз жүрген 93 жүргізуші жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, қолдан жасалған немесе жалған нөмір таққан 4 дерек тіркелсе, тағы 8 жүргізуші жалған тіркеу белгілері бар көлікті басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері де анықталды: көлік жүргізу кезінде телефон қолданудың 448 фактісі, қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша 1000-нан астам жағдай тіркелді. Қарсы бағытқа шығу – 22 дерек, ал мас күйінде көлік басқару – 20 фактісі анықталған.