Жаз шығып, күн ысымен өзен-көл жағалайтындар көбейді. Алайда салғырттықтың соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Түркістан облысында судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылды. Мамандар тұрғындарға қандай ескерту жасады?


Жаз мезгілінде судағы қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Осыған орай жергілікті прокуратура өкілдері Оранғай ауылдық округі аумағындағы «Байылдыр-Қарашық» өзені бойында рейд өткізді.


ЕРЖАН АМЕТОВ, САУРАН АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жаз мезгілі басталысымен бәрі өзенге бойлайды. Біз сол қауіпсіздік шараларын күшейтіп келеміз.


Шара барысында тұрғындарға суға түсу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді. Мамандар балаларды қараусыз қалдырмауға, мас күйде суға түспеуге және тек арнайы рұқсат етілген орындарды таңдауға шақырды. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, төтенше жағдайда әрекет ету тәртібі түсіндірілді.


БЕРІК ҚУАНДЫҚ, ОРАҢҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Су айдындарында барлық қауіпсіздікті сақтаңыздар.


Байылдыр-Қарашық өзені ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Мұнда тек жергілікті халық емес, көрші елді мекендердің тұрғындары да жиі келеді. Сондықтан мамандар қауіпсіздікпен қатар өзен жағасын таза ұстау мәдениетіне де назар аударды.


ҚАЙРАТ ОРАЗБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өздеріңіз білесіздер, ел аумағында осындай қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі қажет.


Жауапты мекемелер тұрғындарды су айдындарында демалу кезінде сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік талаптарын сақтау ғана қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, биыл Сауран ауданы аумағында суға кету деректері тіркелмеген.