Заңсыз қоқыс тастағандарға енді бақылау күшейді. Шымкентте қала тазалығын сақтау бағытындағы рейдтік шаралар қарқын алды. Мамандар рұқсат етілмеген орындарға құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды төгу деректерін анықтап, тұрғындарға заң талаптарын түсіндіруде.
АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ
Енді құрылыс қалдықтарын, тұрмыстық қоқысты және өзге де қалдықтарды белгіленген орындардан тыс жерлерге төгуге жол берілмейді. Осыған байланысты Тұран ауданында заңсыз қоқыс орындарының алдын алуға бағытталған рейд ұйымдастырылды.
Рейд барысында аудан аумағындағы қоқыс төгуге арналмаған орындар бақылауға алынды. Арнайы техниканың көмегімен заңсыз төгілген тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылып, аумақтар тазартылды. Жауапты мамандар мұндай орындардың қайта пайда болуына жол бермеу үшін бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілетінін айтты.
ДӘУРЕН СЫДЫҚҰЛЫ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі таңда тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.соның өзінде белгіленбеген орындарда немесе құрылыс қалдықтарын және үлкен-үлкен қоқыстарды тастауда. Бұл тұрмыстық қалдықтарға арналғандықтан олай болмайды...
Дегенмен, қалдықтарды рұқсат етілмеген орындарға төккендер жауапкершіліктен босатылмайды. Заң талаптарын бұзғандарға 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 86 500 теңгеден 129 750 теңгеге дейін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың сипатына қарай белгіленеді.
ЖОМАРТ ЕРАЛЫҰЛЫ, ТҰРАН АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Үйден шыққан коммуналдық қалдықтарды көрсетілмеген орындарға тастау Бұл әкімқілік құқықбұзушылық баптың 430 баптың екінші бөлімімен сараланады бұл жерде 20 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Ал үйден шыққан қатты құрылыс заттарын кез-келген көрсетілмеген жерге тастау алғашында ескерту ескермеген жағдайда 30 айлық есептік көрсеткіш айыппұл арқалайды.
Рейдке прокуратура өкілдері де қатысып, заңсыз қоқыс орындарын жою және алдағы уақытта мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жауапты органдар анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдап, аудан аумағындағы бақылау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.