Қазақстанда алдағы жылдары жаңа газ өңдеу зауыттары мен магистральдық газ құбырлары іске қосылып, елдегі тауарлық өндіріс айтарлықтай ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.


Министрдің айтуынша, ішкі нарыққа арналған тауарлық газ көлемі 2032 жылға қарай 35,5 миллиард текше метрге дейін өседі. Бұл көрсеткішке Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарында жаңа газ өңдеу қуаттарын іске қосу арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес, алдағы үш жыл ішінде қосымша 1,6 миллиард текше метр тауарлық газ өндірілсе, 2032 жылы бұл көлем 6,6 миллиард текше метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, елде газ тасымалдау инфрақұрылымы да кеңейтіледі. Биылғы жылдың соңына дейін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының бірінші кезеңін аяқтау көзделген. Ал екінші кезеңі 2029 жылы пайдалануға беріледі. Ал 2027 жылы Қашағанда жылдық қуаты 1 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауыты іске қосылмақ.