Астана күніне орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. «Shym City» саябағының амфитеатрында ұйымдастырылған айтулы мейрам аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Шымкент концерт» концерттік ұйымы өнерпаздарының қатысуымен арнайы бағдарлама ұсынылды.


Мерекелік кеш жиылған көпшіліктің Мемлекеттік Әнұранды орындауымен басталды. Бұдан кейін сахна төрінде би ұжымдарының жарқын өнері жалғасты. Көздің жауын алатын ұлттық киімдер мен заманауи үлгіде өңделген халық билерінің өзіндік колориті көрермендерге ерекше әсер сыйлады.


ҚУАНЫШБЕК БОЛАТБЕК, «ШЫМКЕНТ КОНЦЕРТ» КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Бүгінгі концерт Астана күніне арналған мерекелік концерт. Бұл жерде эстрада әншілері мен Шымкентке танымал «Қазына» би ансамблі өнер көрсетіп жатыр. Концерт керемет, халықтың көңіл-күйі керемет. Астананың өскені біз үшін шабыт, көптеген әндерді Астанаға арнап орындап жатырмыз бүгінгі таңда.


Салтанатты шара елдің бірлігі мен ынтымағын дәріптеу және бас қала - Астананың ерекше рөлін айшықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Арнайы концертте жас орындаушылар елордаға деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігін әнмен жеткізді.


АБЗАЛ МОЛДАБЕКОВ, ӘНШІ, САЗГЕР
Бүгін Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Еліміз өркендеп дами берсін, қазақ елі аман болсын. Еліміз жасай берсін. Еліміз үшін әрдайым жүздеген ән жазсақта артық етпейді.


Концерттік бағдарлама көрермен көңілінен ерекше орын алды. Олар өнерпаздарға қосылып ән айтып, сахнада билеп, кештің сәнін келтіре түсті. Ашық аспан астында өткен мерекелік кеш жиналған қауымға ұмытылмас әсер сыйлады.