Қазақстан шетелден алма әкелуге уақытша шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Талқылау 8 шілдеге дейін жалғасады. Егер құжат қабылданса, жаңа талап 1 тамыздан бастап күшіне еніп, 31 желтоқсанға дейін жалғасады.


Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден және үшінші мемлекеттерден автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы жеткізілетін өнімге қатысты болады. Алайда, бұл шара Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға қолданылмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шешім отандық алма өндірушілерді қолдауға әрі өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ведомство уақытша шектеу әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді деп есептейді.