Шымкентте 5 шілде күні туған алғашқы сәбиге қазақтың қасиетті домбырасы сыйға тартылды. Игі шара Ұлттық домбыра күні қарсаңында қалалық №6 перзентханада ұйымдастырылды. Мақсат жас ұрпақтың бойына төл мәдениет пен рухани мұраны бесіктен сіңіру.
Дәстүрлі акцияны ҚХА жанындағы Аналар кеңесі ұйымдастырды. Осыдан 11 жыл бұрын бастау алған «Айналайын» акциясы жыл сайын Ұлттық домбыра күні аясында өткізіліп келеді. Биыл демеушілердің қолдауымен жаңа туған нәрестелерге домбыра табысталып, аналарға және сәбилерге қажетті сыйлықтар ұсынылды.
АЯГӨЗ ЕРМАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгінгі күн біз үшін өте тамаша күн. Бізге осындай сый-құрмет жасалып жатыр. 5 шілде, яғни, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді ғой осы күні аман –есен туған барша аналарды құттықтағым келеді. Әр үйде баланың сыңғыры естілсін деп тілегім келеді.
Шілденің алғашқы жексебінсінде қалалық №6 перзентханада 22 нәресте туған. Ал, жыл басынан бері 4 мыңға жуық сәби дүние есігін ашыпты. Бас дәрігер Мадина Кенжебаеваның айтуынша, аналар мен сәбилердің жағдайы жақсы.
МАДИНА КЕНЖЕБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ №6 ПЕРЗЕНТХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Домбыра күні біздің перзентханада 22 нәресте дүниеге келді. Осы күнде «Аналар кеңесі» келіп құттықтап жатыр. Алғысымыз шексіз. Балаларымыз аман болсын, баулары берік болсын! Үлкен азамат, еліміздің мақтанышы болып өссін!
Шара аясында Шымкент қалалық опера және балет театрының солисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова «Ана» әнін жанды дауыста орындап, жас аналарға ерекше әсер сыйлады. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды ұлықтаумен қатар, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталып отыр.