Қоңыр күйдің күмбірі Шымкент аспанын тербеді. Ұлттық домбыра күніне орай «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніндегі Этноауылда ұлттық рухты асқақтатқан ауқымды мерекелік кеш ұйымдастырылды. Домбыраның тағылымы мен жаңа Конституцияның ел өміріндегі орны үндескен шараға жиналған жұрт ұлттық өнердің көркем көрінісіне куә болды.


Шаһардың жүрегінде орналасқан Этноауыл бұл кеште ұлттық өнердің ордасына айналды. «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты мерекелік бағдарлама аясында жиналған көпшілік халық күйлері мен дәстүрлі әндерді тамашалады. Сахна төрінде «Қаратау» фольклорлық ансамблі мен өнерпаздар ұлттық мұраны дәріптеп, көрерменді қазақы рухқа бөледі.


НҰРЛАН ЕСЕНҚҰЛОВ, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Шында да, шапқан аттың дүбірін, қиқулаған құстың махаббатын осы домбыраға сыйғызып біздің дәулескер күйшілер елге бір керемет серпін, көңіліне қуаныш сыйлаған. Және де, өздеріңіз білесіздер, осы домбырамен қуанышты да, мұңды да жеткізген. Сондықтан бұл домбыраға жай ғана аспап деп қарауға болмайды – бұл тарихи бір жәдігер деп қарауға болады.


Домбыра күні биыл ерекше мазмұнға ие болды. Өйткені мереке жаңа Конституцияның күшіне енуімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік негіздерді қатар дәріптеу – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызды қадам.


МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Биылғы концерттің ерекшелігі, барлығына белгілі биыл 1- шілдеде жаңа конституция күшіне енді. Жаңа конституцияның күшіне енуімен қатар келген ұлттық домбыра күнінде біз конституциямыздың ел тірегі екенін, конституция – біздің халқымыздың қорғаны екенін тағы да одан әрі ұлықтай түстік, насихаттай түстік.


Мерекелік кеш аясында ұлттық аспап жасаудың қыр-сыры да көпшілік назарына ұсынылды. Қолөнер шеберлері домбыраның дайындалу кезеңдерін көрсетіп, ұлттық өнерге қызығушылық танытқан тұрғындарға шеберлік сырларымен бөлісті.


ДАСТАН ШАМЕТОВ, ҚОЛӨНЕРШІ
Жақсы, халықтың домбыраға деген қызығушылығы өте жақсы, қызығып қарайды. Біздің шеберханаға келсе де айналып қызықтап тамашалап, жасалып жатқанын көреді, тартып жатқанын көреді, қазір бұл жерде де қанша халық қызықтап қарап кетіп жатыр ғой.


Кештің шарықтау шегінде дәстүрлі әндер шырқалып, халық күйлері орындалды. Ұлттық өнердің мәйегін сезінуге келген көрермендер концертті ерекше ықыласпен қабылдады.


АЙНҰР ӘБІЛДАЕВА, «ШЫМКЕНТ КОНЦЕРТ» КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНЫҢ ӘРТІСІ
Этноауылда керемет кеш өтіп жатыр фольклорлық этно-ансамбльмен және де ұлттық дәстүрлі әндердің 00:21-00:28 сүйемелдеуімен концерт болып жатыр Халық өте көңілді, жақсы қабылдап жатыр, мереке құтты болсын.


Домбыраның күмбірі мен дәстүрлі әннің әуені астасқан тағылымды кеш ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Рухани мұра мен елдік ұстаным үндескен шара көрерменге ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл күймен түйінделді.